Жаңалықтар
Аграрлық факультетте Шымкент қаласындағы мектептер мен колледждерге арналған Ашық есік күні өтті
2024 жылдың 5 сәуірінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Аграрлық факультетінде Шымкент қаласындағы жалпы білім беретін мектептер, гимназия мектептері мен колледж түлектерінің қатысуымен Ашық есік күні өтті. Шара барысында факультеттің мамандықтары мен тарихы туралы бейнероликтер көрсетіліп, түлектерге буклеттер мен ақпараттық парақшалар таратылды.
Іс-шараны «Аграрлық» факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Тастанбекова Гүлнара Рахымбердіқызы ашып, факультеттің негізгі қызметі, мақсат-міндеттері, сонымен қатар ғылыми зертханалардың жұмысы, «Жаскешу» және «Қайнар бұлақ» оқу-әдістемелік кешендерінің жұмысына кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте «Өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Әсет Жылқыбаев, «Су ресурстары, жерді пайдалану және агротехника» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Парида Султанбекова және «Ветеринария» кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Айсұлу Күзербаева сөз сөйледі.
Ашық есік күніне келген қонақтар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Республикалық ветеринариялық зертхана» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы директоры Асқар Қалтаевтың, «Enza Zaden Kazakhstan» ЖШС аймақтық сату өкілі Тимур Кармановтың, «Су арнасы-5С» ЖШС инженер-заңгері Нұрбол Сейдіровтың, «Century Story-Com» ЖШС шетелдік компаниясының кеңсе менеджері Дамира Тұрғаналының, Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтының Оңтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу ветеринариялық станциясы филиалының басшысы Берік Лесов пен Люблин политехникалық университетінде (Польша) академиялық ұтқырлық бойынша білім алған АП-22-6к2 тобының студенті Алтынбек Мақұлбектің құттықтау сөздерін де тыңдады.
Іс-шараға 150-ден астам түлек қатысып, алдағы уақытта М.Әуезов атындағы ОҚУ-не қабылдау тәртібімен танысты. Жетістіктер көрмесінен, сондай-ақ кіріспе дәрістерден олар ауыл шаруашылығы мамандықтары туралы көптеген қызықты мәліметтер алып, Аграрлық факультеті студенттерінің қатысуымен өткен концерттік қойылымдарды тамашалады.