Жаңалықтар
Аграрлық факультет ғалымдары халықаралық қатысумен ғылыми семинар өткізді
2023 жылдың 27 қазанында Аграрлық факультетінің «Ветеринария» кафедрасының ғалымдары «Стратегиялық мақсат – отандық ветеринария ғылымын дамыту» тақырыбында ғылыми семинар өткізді. Іс-шараны алғы сөзімен декан Г.Р. Тастанбекова ашты. Гүлнәр Рахымбердіқызы өз сөзінде ауыл шаруашылығы жануарларын аурулардан тиімді қорғауды қамтамасыз ету ветеринария ғылымы мен практикасының басты міндеттерінің бірі болғанын және болып қала беретінін атап өтті. Тек сау малдан көп мөлшерде және сапалы мал шаруашылығы өнімдерін алуға болады. Жұқпалы аурулардың санын азайтудың экономикалық ғана емес, сонымен қатар маңызды әлеуметтік мәні бар. Эпизоотияның алдын алу қажетті шаруашылық аралық, облысаралық және мемлекетаралық байланыстарды сақтауға және дамытуға мүмкіндік береді, ал 150-ден астам ауру кездесетін зооантропозооноздармен табысты күрес халықтың денсаулығын қамтамасыз етуге үлкен үлес қосады.
Санкт-Петербург мемлекеттік ветеринарлық медицина университетінің В.Л.Якимов атындағы Паразитология кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы Лариса Михайловна Белова патенттік әзірлемелерді ескере отырып, диагностикалық әдістерді қолдану туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Түркістан облысы бойынша ветеринария департаменті директорының орынбасары Елекеев Тоқсейіт Артықбайұлының баяндамасы ветеринариялық білім беру мен ветеринариялық қызметтің ерекшеліктеріне арналды.
Семинар барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты жауаптар алды.